Қарыз алушының құқықтары мен жауапкершілігі
Бұл бетте қарыз алушының құқықтары және шартты орындамаудың салдары берілген. Толық талаптар — Микрокредиттер беру қағидаларында және шартта; олар «Ақпаратты ашу» бөлімінде орналастырылған және әр филиалда беріледі.
ШАРТ ЖАСАСҚАНҒА ДЕЙІН сіз:
— Микрокредиттер беру қағидаларымен, сыйақы мөлшерлемелерімен және тарифтермен тегін танысуға;
— қарыз сомасы, мерзімі, сыйақы мөлшерлемесі, сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесі (ЖТСМ) және қарыз бойынша барлық төлемдер туралы толық әрі анық ақпарат алуға;
— тәуекелдер мен міндеттемелерді орындамаудың салдары туралы түсіндірме алуға;
— шартты асықпай оқуға уақыт алуға және қарыз алудан бас тартуға құқылысыз.
ШАРТ ҚОЛДАНЫЛАТЫН КЕЗДЕ:
— қарызды толық немесе ішінара мерзімінен бұрын өтеуге құқылысыз. Мерзімінен бұрын қайтарғаны үшін тұрақсыздық айыбы және өзге төлемдер алынбайды, сыйақы қарызды іс жүзінде пайдаланған күндер үшін ғана есептеледі;
— кәсіпкерлікке байланысты емес қарыз бойынша ломбард сізден сыйақы мен тұрақсыздық айыбынан басқа ешқандай төлем алуға құқылы емес;
— ломбард сыйақы мөлшерлемесін біржақты тәртіппен көтеруге немесе өтеу әдісін өзгертуге құқылы емес; талаптарды сіз үшін жақсарту жағына өзгерте алады;
— сіздің өтінішіңіз бойынша ломбард 3 жұмыс күні ішінде тегін қарыз қалдығын, мерзімінен бұрын өтеу сомасын хабарлайды, ал толық өтелгеннен кейін берешектің жоқ екені туралы анықтама береді;
— қарызыңыз туралы мәліметтер микрокредит беру құпиясы болып табылады және заңда көзделген жағдайларда ғана ашылады.
МЕРЗІМІ ӨТІП КЕТСЕ:
— ломбард мерзімі өткен күннен бастап күнтізбелік 10 күннен кешіктірмей сізге жазбаша хабарлайды: мерзімі өткен берешек мөлшері, оны өтеу талабы, салдары және шарт талаптарын өзгерту туралы өтініш беру құқығыңыз;
— мерзімі өткен күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде сіз ломбардқа келуге немесе жазбаша өтініш беруге (оның ішінде осы сайттың «Өтініштер» бөлімінде) құқылысыз: мерзімнің өту себептерін, табысыңыз және басқа расталған мән-жайлар туралы мәліметтерді көрсетіп, шарт талаптарын өзгертуді ұсына аласыз — мөлшерлемені төмендету, негізгі борыш немесе сыйақы бойынша төлемді кейінге қалдыру, өтеу әдісін немесе кезектілігін өзгерту, мерзімді ұзарту, мерзімі өткен сыйақыны немесе тұрақсыздық айыбын кешіру;
— күнтізбелік 15 күн ішінде ломбард ұсыныстарыңызбен келісетіні, қарсы ұсыныс немесе дәлелді бас тарту туралы жазбаша хабарлайды;
— бас тартылса немесе келісімге қол жеткізілмесе, шешімді алған күннен бастап үш ай ішінде микроқаржы омбудсманына тегін жүгінуге құқылысыз (байланыс деректері — «Өтініштер» бөлімінде).
ҚАРЫЗ АЛУШЫНЫҢ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ. Шарт бойынша міндеттемелер орындалмаса, ломбард:
— шартта көрсетілген, бірақ заңда белгіленген шектен аспайтын мөлшерде тұрақсыздық айыбын (өсімпұл) есептеуге;
— кепілге салынған мүлікті соттан тыс тәртіппен өндіріп алуға — қарыз мерзімі және шартта көзделсе, қосымша күту мерзімі аяқталғаннан кейін кепілдегі затты өткізуге;
— шартта осындай құқық көзделсе, берешекті сотқа дейінгі өндіріп алу үшін коллекторлық агенттікке беруге;
— борышты өндіріп алу туралы сотқа талап арызбен жүгінуге құқылы.
Қарыз өтелмесе, ол туралы мәліметтер кредиттік бюроға беріледі және кредиттік тарихыңызға әсер етуі мүмкін.
ҚАЙДА ЖҮГІНУГЕ БОЛАДЫ. Ломбардқа жүгіну тегін. Жауап өтінішіңіздің тілінде 15 жұмыс күнінен кешіктірілмей беріледі (қажет болса, мерзім тағы 15 жұмыс күніне ұзартылады, бұл туралы сізге 3 жұмыс күні ішінде хабарланады). Жауаппен келіспесеңіз, микроқаржы омбудсманына, Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне немесе сотқа жүгінуге құқылысыз.